Дәріс №5 Дәріс тақырыбы: Қазақстанның орографиясы. Пайдалы қазбалары
Мақсаты: Қазақстанның пайдалы қазбаларының кен орындарымен таныстырып, олардың потенциялдық мүмкіндіктері мен оларды қорғау туралы айту.
Дәріс мазмұны:
1. Қазақстанның орографиялық ерекшеліктері.
2.Рельефтің ерекшелігі оның геологиялық - тектоникалық құрылымы мен байланысы.
3. Рельефтің генетикалык типтері: тектоникалык - денудациялық.
4. Денудациялык, аккумулятивті -аккумулятивті денудациялық. Геоморфологиялық аудандастырылуы. Морфомүсіні. Қазіргі кезеңдегі рельефті қалыптастырушы процесстер. 4. Негізгі рельеф түрлері ойпаттарға, үстірттерге, қыраттарға, ойыстарға және тауларға сииаттама беру
5. Пайдалы қазбалардың таралу заңдылықтары.
6. Олардың геологиялық құрылымы.
Негізгі түсініктер:
Ø Геоморфология – (гректің geo-жер, morfo-пішін, logos-тану) кез-келген жер бедерінің құрылысын, жаралуын, даму тарихын зерттейтін ғылым. Жер бедері негізінен екі күштің эндогендік жəне экзогендік əрекеттестігінен пайда болатын нысана. Геоморфология бірнешеге бөлінеді: жалпы геоморфология жəне аймақтық геоморфология. Аймақтық геоморфология құрлық, мұхит, теңіз немесе т.б. нысандардан тұрады. Геоморфологияның тағы бір саласы қолданбалы геоморфология. Ол жер бедерінің өндіріс жəне шаруашылық жүйесінде қолдануымен шұғылданады.
Ø Орография (гр. oros – тау, grapho – жазу) – жоталардың, қыраттардың, өзен аңғарларының, қазаншұңкырлар мен бедердің басқа түрлеріңің сырт бейнелерін және өзара орналасуын зерттейтін геоморфология ғылымының бір саласы.
Ø Жер бедері , рельеф (фр. relіef, лат. relero — көтеремін деген сөзінен шыққан) — жер бетіндегі құрлықтардың, мұхиттар мен теңіздер түбінің тілімденген пішіндерінің жиынтығы.
Жер бедері тау, жазық, ойпат, таулы үстірт, төбе, қырқа, аңғар, жыра, т.б. болып келеді. Жер бедері эндогендік (ішкі) және экзогендік (сыртқы) күштердің ұзақ уақыт бойы әсер етуі нәтижесінде пайда болады. Әрбір аймақтың бедері оның геологиялық құрылысына, ішкі және сыртқы процестердің біреуінің басым болуына байланысты. Жер бетінің бұдырлылығы әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан мөлшеріне (масштабына) қарай Жер бедерін планеталық пішінді (құрлықтар, мұхит табаны) мегапішінді (тау жүйелері, аумақты жазық жерлер, мұхит ойпаттары), макропішінді (жоталар, тауаралық аңғарлар), мезопішіндер (төбелер, аңғарлар, сай-жыралар), микропішіндер (шұқанақтар, дала бидайықтары) және нанопішіндер (түбіршіктер, төбешіктер) деп бөледі. Осы заманғы Жер бедері шамамен бұдан 150 млн. жыл бұрын қалыптасқан. Қазіргі кезде бүкіл құрлықтардың 55%-і таулы және 45%-і жазық өлкелер. Жер бедерін геоморфология ғылымы зерттейді.
2.Қандай кеңістікте болмасын сол аймақтың өзіне тəн алуан түрлі жер бедері кездеседі. Қазақстанның кең байтақ жазира даласында жер бедерінің атауы өте көп: тау, жота, қырқа, үстірт, қырат, бел, төбе, адыр, т.б.
Ойпаттар
Каспий маңы ойпаты солтүстігінде Жалпы Сырт қыраты, шығысында Орал алды үстірті, оңтүстігінде Каспий теңізінің аралығында жатыр. Оңтүстік-шығысында ойпат өзен шөгінділерінің құм, саз жəне тұнба қабаттарынан түзілген. Каспий теңізі жағасындағы ойпат мұхит деңгейінен 27 м төмен жатыр. Теңізден қашықтаған сайын оның биіктігі бірте-бірте көтеріліп, 100 м-ге дейін барады. Каспий маңы ойпатының жалпы жер бедері тегіс. Ол бірнеше рет теңіз табаны болғандықтан, кейде ондаған шақырым бойы көтеріңкі жер көре алмайсың. Ойпатта көбінесе тегіс сазды жазықтар мен құм жондары кездеседі. Ойпатта Нарын, Батпайсағыр, Бозанай, Қосдəулет, Мыңтеке, Тайсойған, Қарақұм құмдары бар. Аумағы жағынан ең үлкені – Жайық өзенінің батысындағы Нарын құмы. Беті ойлы-қырлы құм төбелер жайпақ ойыстармен алмасады. Өсімдіктер өсіп бекіген құм жондарының кей жерлерінде көлдері мен сорлары бар кішігірім тайыз қазаншұңқырлар ұшырасады. Каспий маңы ойпатында күмбез тəрізді қыраттар да кездеседі. Олардың кейбіреулерінің биіктігі 100 м-ге көтеріліп, тегіс жазықтардың арасынан тау сияқтанып көрінеді. Мұнай, гипс, ас тұзы т.б. пайдалы қазбалардың кен орындары ас тұз күмбездерімен тікелей байланысты. Ойпаттың оңтүстік бөлігінде 10-15 м-лік бар төбешіктері кеңінен таралған. Жер бедерінің бұл пішінін ашқан академик К. М. Бэрдің пікірінше, төбешіктер теңіз деңгейінің күрт төмендеуінен пайда болған.
Тұран ойпаты Орта Азияның оңтүстігі мен оңтүстік-батысында едəуір жерді алып жатыр. Қазақстанға оның тек солтүстік бөлігі ғана кіреді. Ойпат, негізінен, Орта Азия республикалары жерінде орналасқан. Ойпаттың шеткі жағалаулары теңіз деңгейінен 200 м-ге дейін биіктейді де, ортасындағы ойыс Арал теңізіне қарай төмендейді. Тұран ойпаты көлденең орналасқан көл, теңіз жəне өзендердің шөгінді жыныстарынан (лесс тəрізді саз, саздауыт, құм мен құмайт) түзілген. Тұран ойпаты солтүстікте Торғай қолаты арқылы Батыс Сібір жазығымен жалғасады. Сырдария өзені Тұран ойпатын Қазақстан жерінде солтүстікке жəне оңтүстікке бөледі. Оңтүстігін Қызылқұм, солтүстігін Қарақұм (Арал маңы), Үлкен жəне Кіші Борсық құмдары алып жатыр. Қызылқұмның жер бедерінде құмды төбелер мен қырқалар басым, ара-тұра тақырлар да кездеседі. Өсімдіктер өскеннен кейін құмдар бекіген, əйтсе де кей жерлерде сусыма шағыл түзетін құмдар да бар.
Жазықтар
Солтүстік Қазақ жазығы республиканың солтүстігінде, солтүстік-шығысында Орал тауларынан Алтайға дейін созылған ұзынша өңірді қамтиды. Бұл жазықтың жер бедері бірыңғай тегіс. Кей жерлерінде ғана солтүстік-шығыс бағытта 2-8 км-ге созылған 5-15 м-лік аласа жалдар мен жондар бар. Олардың арасында ұсақ көлдер тізбегі таралған. Бір кезде теңіз түбі болғандықтан, горизанталь бағытта орналасқан теңіз шөгінді жыныстарынан (саз, саздауыт, құм) тұрады. Солтүстік Қазақ жазығы оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістеу келеді. Оңтүстікте Сарыарқаға тірелген жерінде мұхит деңгейінен 200 м-ге дейін көтеріледі де, солтүстік, солтүстік-шығыс бағытта (Петропавл маңында) 130-140 м-ге дейін төмендейді. Бұл еңістікті өзендердің өте баяу ағуынан да байқауға болады. Солтүстік Қазақ жазығы Ертіс маңы жəне Есіл-Тобыл жазықтары болып екіге бөлінеді.
Балқаш маңы жазығы – Балқаш көлінің жағында, оңтүстік- 233 шығысында Жетісу Алатауы, оңтүстігінде Іле Алатауы мен батысында Шу-Іле тауларының аралығында жатқан аймақ. Жазықтың құрылысына тəн өзіндік ерекшелігі-өзін қоршап тұрған тауларға қарай 350 м-ден 600-700 м-ге дейін биіктейтіндігінде. Балқаш маңы жазығында көптеген құрғақ арналар (Бақанас) кесіп өтетін құмды шөл Тауқұм, Сарыесік Атырау құмы жəне Бақанас тақырлы, сазды, құмды жазығы созылып жатыр. Балқаш маңы жазығында қырқалар мен бекіген құмды жалдар басым, төбелі құмдар
Үстірттер
Торғай үстірті шығыстағы Сарыарқа, батыстағы Мұғалжар жəне Оңтүстік Оралдың аралығында жатыр. Солтүстігі Батыс Сібір жазығына, оңтүстігі Шалқар теңіз ойысына жалғасады, орташа биіктігі 200-300 м. Үстірттің орталығында солтүстіктен оңтүстікке созылып жатқан ойыс Торғай қолаты бар, оны Торғай бұғазы немесе Торғай қақпасы деп те атайды. Ол Солтүстік Қазақ жазығын Тұран ойпатымен жалғастырады. Бұғаз аталу себебі, ежелгі Арал-Каспий теңіз алабы сол кездегі Солтүстік Қазақ жазығыныңорнындағы теңіз алабымен осы жер арқылы жалғасқан. Торғай үстірті мен Торғай бұғазының көп жері көлденең бағытта орналасқан теңіздік жəне континенттік шөгінділерден (саз, саз кремнийлі мергель, құм) түзілген. Торғай үстірті арқылы Есіл жəне Тобыл өзендері жəне Торғай қолатының шағын өзендері өтеді. Үстірттің тегіс бетінде аласа төбелер, жондар, бұйратты қыраттар, көл-көлшік ойыстар, сайжыралар кездеседі.
Орал алды (Жем) үстірті Каспий маңы ойпаты мен Мұғалжар тау аралығында жатыр. Үстірттің орташа биіктігі 100 м-ден 300 м-ге жуық. Ол солтүстік-шығысында біраз биіктейді де, солтүстікке, батысқа жəне оңтүстікке қарай аласарып, төбелі-жонды жазыққа ұласып кетеді. Үстірт кей жерлерінде фосфориттер кездесетін саз, құм шөгінділерінен түзілген. Орал алды үстіртін Жем өзені сағалары мен бірнеше ұсақ өзендер кесіп өтеді.
Бетпақдала үстірті – шығысында Балқаш көлі, батысында Сарысу жəне оңтүстігінде Шу өзені, солтүстігінде Сарыарқа аралығында жатқан аймақ.
Қыраттар
Қазақстан жер бедерінің биігірек үлкен бөлігін қыраттар алып жатыр.
Үстірт қыраты солтүстік жəне солтүстік-батысында Каспий маңы ойпаты мен батысында Маңғыстау жазығымен шектеседі. Қазақстанға оның солтүстік-батыс бөлігі ғана қарайды.
Үстірт теңіз деңгейінен биіктігі 200 м-ге жуық биіктік үстіндегі жазық. Қазақстан жеріндегі ең биік тұсы – Мұзбел жоны, биіктігі 340 м. Солтүстік-шығысқа қарай аласара береді. Үстірт саз, құмтас жəне əктасты шөгінді жыныстардан түзілген. Үстірт салыстырмалы биіктігі 150 м-ге дейін жететін тік жарлармен шектеледі. Сондай-ақ бұлар маусымдық су тасқынынан пайда болған құрғақ жыралармен тілімденген.
Жалпы Сырт – Орал тауы мен Еділ өзені аралығындағы үлкен қырат. Қазақстанға оның қиыр оңтүстік шағын бөлігі ғана кіреді. Жалпы Сырт солтүстік-батыс бағытта жатқан аласа қысқа қатпарлар түзетін əктастан, бордан, т.б. шөгінді жыныстардан түзілген. Қыраттың жер бедері тілімделген, Қазақстанға қарайтын бөлігі тегістеу келеді. Жалпы Сырт арқылы Жайық өзенінің көптеген ұсақ салалары ағады.
Сарыарқа немесе Қазақтың ұсақ шоқысы Орталық Қазақстанның көп жерін алып жатыр. Ол батысында Торғай үстірті мен Тұран ойпатына дейін жетіп, шығысында Сауыр-Тарбағатай тау жүйелерімен, оңтүстігінде Балқаш көлі жəне Бетпақдаламен, солтүстігінде Батыс Сібір жазығымен шектесетін ұлан-ғайыр аумақты құрайды. Батыстан-шығысқа қарай 1200 км-ге созылған. Батысында ені 900 км-ден астам, ал шығысында 350 км-ге жуық. Сарыарқа – Қазақстан жеріндегі ең ежелгі мүжілген аласа таулы өлке. Орташа биіктігі 500-600 м. Оған миллиондаған жылдар бойы жел менжаңбыр, ыстық пен аяз, қар мен ағын су күшті əсер еткен. Бір кездегі биік таулар сыртқы күштердің əсерінен мүжіліп, алуан түрлі жер бедері қалыптасқан. Аласа таулар, қырқалар, ұсақ шоқылар, жазықтар пайда болды. Сарыарқа орталығы мен шығысында биіктеп келіп, солтүстігінде оңтүстікке жəне батысқа қарай бірте-бірте аласарады. Ол Солтүстік Мұзды мұхит алабы мен ішкі тұйық алаптардың арасындағы суайрық болып саналады. Қазақ қатпарлы өлкесі архей мен протерозойдың гранит, порфирит, кварцит, құмтас жəне тақтатас басым болып келетін ежелгі жыныстарынан түзілген. Сарыарқаның ең биік таулары қатарына шығыс бөлігіндегі Ақсораң (1566 м), Қарқаралы (1403 м), Қызыларай (1565 м), Шыңғыстау (1305 м) таулары, батыс бөлігіндегі Ұлытау (1133 м) жатады. Сарыарқаның Қарқаралы, Баянауыл жəне Көкшетау таулары өте көрікті (23, 24, 25- суретте). Жел мен жаңбырдан мүжілген жартастар өзінің ғажайып пішіндерімен таң қалдырады. Мұнда əдемі «Мұнаралар», «Қорған», «Жеке батыр», «Салт аттыны» жəне көл түбінен көтеріліп тұрған əдемі «Жұмбақтасты» атауға болады. Тау аралықтарында көгілдір мөлдір көлдер жарқырайды. Сыңсыған қарағай мен қайың, əйгілі «Жұмбақтас», «Көкшенің шоқылары» ерекше сұлу болғандықтан, жұрт оны «Қазақстан Швейцариясы» деп атайды. Сарыарқаның көп жерінде түрлі үңгірлер де баршылық.
Таулар
Республиканың шығысында Алтай тау жүйесі (Оңт. Алтай мен Кенді Алтай ғана Қазақстан жерінде) созылған. Алтай жер бедерінің құрылысы сатылы келеді; жұмыр жоталары мен тау массивтерінен сеңгір жалдары және тік шыңдары оқшаулана жеке-дара тұрады. Жүйенің орташа биікт. 2500 – 3500 м, биік жері Мұзтау – 4506 м. Бұл шың бейне бір жүйелік торап сынды: одан солт.-батысқа және оңт-ке қарай Алтайдың ірі жоталары тарайды. Алтайдың жағасы – Қалба жотасы Ертістің сол жағалауында жатыр. Алтайдан Зайсан ойысымен бөлінген Тарбағатай тауының Қазақстан жеріне тек батыс бөлігі кіреді, ал шығыс жартысы Қытай аумағында. Бұл жотаның ұз. 300 км-дей, орташа биікт. 2000 – 2200 м, ең биік жері 2992 м. Тарбағатайдың шығыстағы жалғасы Сауыр жотасы (3816 м). Тарбағатай жотасы Алакөл ойысы арқылы Қазақстанның оңт.-шығыс бөлігіндегі ірі тау жүйелерінің бірі – Жетісу (Жоңғар) Алатауына ұласады. Ұз. 450 км, ені 100 – 250 км. Көксу аңғары тау жүйесін 2 жотаға (Солт. және Оңт. Жетісу жоталары) бөледі. Солт. Жетісу жотасының орт. бөлігінде бүкіл тау жүйесінің ең биік жері – Бесбақан шыңы (4464 м) бар. Тау батысқа қарай біртіндеп аласарып, Баянжүрек, Қойтас, т.б. жоталарға тарамдалып кетеді. Оңт. Жетісу жотасы негізінен ірі Тоқсанбай, Мұзтау, Бежінтау, Тышқантау жоталарынан құралады. Жетісу Алатауының басты ерекшеліктері – мұнда терең аңғарлар мен шатқалдар көп, шыңдары үшкір, сеңгір келеді, көпшілік бөлігін мұз басқан. Жетісу Алатауы оңт-нде Іле ойысымен шектеседі. Ойыстың батыс бөлігі Қараой үстіртін қамтиды. Қазақстанның оңт-нде және оңт.-шығысында Тянь-Шань жүйесіне жататын көп жылдық қар мен мұздықтар басқан аса ірі тау жоталары жатыр. Осындағы Хантәңірі шыңынан батысқа және солт-ке қарай Солт. және Орт. Тянь-Шаньннің жоталары тарайды. Хантәңірі шыңы – бүкіл Тянь-Шаньдағы мұзданудың негізгі торабы. Қазақстанның оңт.-шығыс бөлігіне сонымен қатар Теріскей Алатау жотасының шығыс сілемдері, Күнгей Алатаудың шығыс бөлігінің солт. беткейі және Кетпен (Ұзынқара) жотасы кіреді. Солт. Тянь-Шаньннің ірі әрі биік тау жотасы – Іле Алатауы; ұз. 350 км, ең биік жері – Талғар шыңы 4951 м. Жотаның солт. беткейі тік сатылы, жалдары үшкір келеді. Беткейлері терең шатқалдармен және аңғарлармен тілімделген. Іле Алатауы – сейсмик. өңір және мұнда ірі мұздану ошақтары (393 мұздық) көп. Шығысында Шарын шатқалымен шектеліп, батысында Кіндіктас тауына ұласады да, одан солт.-батыста аласа таулы, төбешікті Шу-Іле таулары жалғасады. Қазақстанның оңт-не Қырғыз Алатауының солт. беткейі, ішінара Талас Алатауы, сонымен қатар Қаратау жотасы кіреді. Алдыңғы екеуінің дені Қырғызстанда орналасқан. Ұсақ шоқылы Сарыарқа өз алдына жеке геоморфол. облыс. Ең биік жері – Қызыларай тауындағы Ақсораң шыңы (1565 м). Таулық жер бедеріне осындағы Көкшетау, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы таулары және Шыңғыстау жотасы жатады. Сарыарқаның оңт.-батысы оқшауланған аласа таулы, қырқалы келген кең аумақты шөлді Бетпақдала үстірті орналасқан. Бат. Қазақстандағы Мұғалжар тауы Орал тау жүйесінің тікелей жалғасы саналады және оңт-нде біртіндеп жекелеген қырқалар мен шоқыларға бөлініп кетеді.
Пайдалы қазбалар
Қазақстан өзінің жер қойнауының байлығымен әйгілі. Бұл Жер қыртысының геологиялық құрылысы мен даму ерекшеліктеріне байланысты. Тау түзілу, магмалық жыныстардың енуі және метаморфизм (өзгеріске ұшыраған), яғни эндогендік процестердің әртүрлілігі, солармен байланысты тау жыныстарының құрылымында, минералдық және химиялық құрылысында болған қандай да бір өзгерістер түрлі пайдалы қазбаларды түзеді.
Пайдалы қазбалар деп, қазіргі техниканың даму деңгейінде, табиғи түрінде немесе өңделгеннен кейін шаруашылықта пайдалануға болатын минералдар мен тау жыныстарын айтады. Әдетте, таулы аймақтарда (қатпарлы және қатпарлы-жақпарлы аудандарда) және шөгінді қабығынан айырылған платформаларда рудалы қазбалар кені көптеп кездеседі.
Ал шөгінді түріндегі пайдалы қазбаларды (мұнай, газ, көмір, уран және т.б.) шөгінді қабығы бар платформаларда (жазықтарда) кездестіруге болады.
1919—1923 жылдардың өзінде Қарағанды тас көмір алабының өнеркәсіптік мүмкіндіктері анықталды. Содан бері Қазақстанда геолиялық пайдалы кендер ашылып, жоспарлы зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
ПҚ аты |
Кен орындары |
ПҚ ерекшелігі |
Мұнай, газ |
Эмбі, Доссор, Мақат, Өзен, Жетібай, Қаражамбас, Қаламқас, Теңіз, Кеңқияқ, Жаңажол, Қарашығанақ, Құмкөл |
Жылына 45 млн мұнай, 7,5 млрд м3 газ өндіреді. 14 алап және 207 кен орны бар. |
Көмір |
Қарағанды, Екібастұз, Майкүбі, Торғай. |
10 алабы, 300 кен орны бар. Жалпы көмір қоры 162 млрд т. Көмір қоры 248 жылға жетеді. |
Темір |
Соколов-Сарыбай, Қашар, Әйет, Кентөбе, Қаратас, Атансор. |
1948 ж Сургутанов ашты. 30 м тереңдікте |
Mn |
Атасу, Жезді, Ұлытау, Сарыарқа, Қаратау, Маңғыстау. |
Д\ж 3 орында. Қоры 408 млн 100 мың т. |
Cr |
Мұғалжар тауы 99%, Кемпірсай, Дөң |
ТМД елдеріндегі 97% ҚР өндіріледі |
Никель |
Мұғалжар тауы, Кемпірсай, Бұрақтал, Аққара, Ақтау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан. |
|
Al |
Торғай, Ақмола |
ТМД елдері арасында алдыңғы орындарыдың бірін алады. |
Cu |
Жезқазған, Қоңырат, Бозшакөл |
Д\ж ІІ орында, ТМД І орында |
Полиметалдар |
Риддер, Зырян, Текелі, Қаратаудағы Ащысай, Мырғалымсай, Қызылеспе, Қасқаайғыр. |
|
Au |
Алтай, Қалба жотасы, Жітіқара, Степняк, Ақсу, Майқайың |
190 алтын кен орны бар. |
Сирек кездесетін металдар: вольфрам, молибден, ванадий, висмут, сүрме |
Орталық ҚР, Жоңғар Алатауы мен Алтай. |
Алдыңғы қатарда |
Асбест |
Жітіқара, Жезқазған, Бөгетсай, Шу-Іле тауларында, Хантау. |
|
Фосфорит |
Шолақтау, Ақсай, Жаңатас, Ақтөбе облысы, Жем өзенінің жоғары ағысы. |
Қоры жөнінен д\ж 2 орында. |
Тұз |
Каспий маңы ойпаты |
|
Құрылыс материалдары: әктас, мергель, бор, мәрмәр, гипс, отқа төзімді саз, кварцты құм, минералды бояулар. |
Бекіту сұрақтары:
- Пайдалы қазбалардың қайсысының барланған қоры мен жылдық өнім мөлшерінен Қазақстан дүние жүзінде 1-орында?
- Қазақстан қандай пайдалы қазбаның қоры жөнінен ТМД елдері жөнінен Ресейден кейін 2-орын алады?
- Шөгінді жыныстарда көбіне қандай пайдалы қазбалар кездеседі?
- Қазақстанда қандай пайдалы қазбалар тұз күмбезімен байланысты?
- Мирабилит немесе глаубер тұзына бай Каспий теңізінің шығанағы?
- Төменгі палеозой жыныстары және интрузиялармен қандай пайдалы қазбалардың кен орындары байланысты?
- Кайнозой эрасының жыныстары Қазақстанда қалай таралған?
- Орта төрттік дәуірде Қазақстан тауларында қандай өзгерістер болды?
- Қазақстанда хромның дүниежүзілік қорының қанша пайызы орналасқан?
- Майкүбі көмір кенорны Қазақстанның қай облысында?
- Қазақстан территориясының жер бетінің әртүрлілігін немен түсіндіруге болады?
- Қазақстандағы ең төмен жер орналасқан территория?
- Қазақстан территоиясына түгел дерлік кіретін Тянь-Шань тауының бөлігі?
- Сарыарқаның ең биік шыңы?
- Қарынжарық ойысы қайда орналасқан, тереңдігі қанша?
- Қазақстанның ең биік және ең төмен нүктелерінің айырмасы
- Үлкен Боқтыбай қай таудың ең биік жері?
- Батыс Сібір жазығының Қазақстанға енетін бөлігі?
- Қазақстандағы рельефтің басым формасы?
- Б.Ф.Федоровичтің Қазақстанды геоморфологиялық аудандастыруында неше саты бөлінген?
Әдебиеттер: 1. 20-27 бет, 8, 9, 11.