Дәріс №4 Дәріс тақырыбы: Негізгі тектоникалық құрылымдардың даму ерекшеліктері.
Мақсаты: Қазақстанның тектоникалық-геологиялық даму этаптарына тоқталып, қатпарлы және платформалық облыстарын қарастыру.
Дәріс мазмұны:
1. Қазақстанның даму этаптары.
2. Ежелгі Шығыс Еуропа платформасының Қазақстандағы бөлігі
3. Тектоникалық аудандастыру.
Негізгі түсініктер:
Геосинклиналь - жер қыртысының ұзынынан созылып жатқан тектоникалық қозғалмалы ойпаң үлескісі. Мұнда сейсмикалық процестер күшті байқалады.
Платформа жазығы - іргетасы қатпарланған қатты жыныстардан түзіліп, жер бедері жазық болып келген тектоникалық тұрақты аймақ.
Плиталы жазық — шөгінді жамылғысы қалың жазық.
Синеклиза — жыныс қабаттары ойысты болып келетін аймақ (мысалы, Каспий маңы ойпаты).
Тектоника - геотектоника жердің қыртысы мен жоғарғы мантиясының (тектоносфера) құрылымдарын ғаламшардың (Жердің) уақыт пен кеңістікке жартылай бағыттала дамуымен байланыстыра зерттейтін ғылым.
Тектоникалық жарық - жердің ішкі күшіне байланысты жер кыртысының жарылуынан пайда болған жарық.
Тектоникалық қозғалыс - жердің ішкі күшіне байланысты болатын жер қыртысының қозғалысы.
Жер кыртысының қозғалысы мен өзгерісін тектоника ғылымы зерттейді. Жер қыртысы қозғалмалы және салыстырмалы түрде тынышталып тұрактаған бөліктерінен тұратынын білесіңдер. Құрылысы, даму тарихы және пайдалы қазбалары жағынан олардың бір-бірінен үлкен айырмасы бар. Қазақстанда төмендегідей негізгігеотпектоникалық құрылымды аймақтарды ажыратады: платформалар (өте ежелгі - Шығыс Еуропаның және жяс Батыс Сібір мен Тұран) және қатпарлы облыстар(Тянь-Шань, Алтай, Тарбағатай, Сауыр, Мүғалжар, Сарыарқа).
Ежелгі Шығыс Еуропа платформасының Қазақстандағы бөлігі. Республика аумағына көне платформаның оңтүстік-шығыс бөлігі ғана кіреді. Бұл Қазақстанның ежелгі бөлігі, ол архей және ерте протерозойда қалыптасқан. Платформа ауқымында Каспий маңы ойпаты мен Орал алды (Жем) үстірті орналасқан. Платформа екі қабаттан тұрады. Платформаның төменгі қабатын құрайтын кристалдық катты жыныстардан тұрса, оның үстінде палеозой, мезозой және кайнозой шөгінді жыныстары жауып жатыр, оның калыңдығы 22 км-ден асады.
Жас платформалар. Қазақстанда ежелгі платформадан баска жас платформалар (плиталар) да бар (кітаптағы тектоникалық картадан Батыс Сібір және Тұран плиталарын табыңдар). Палеозойда, бұрынғы жазықтардың орнында таулар пайда болған. Ол таулар үгіліп, шайылып, тау жыныстары басқа жаққа тасымалданып, ойыстарды толтырып жазыққа айналған. Осының нәтижесінде жас платформалар қалыптасады. Палеозойдың көне жыныстары жас платформалардың іргетасын кұрайды. Оның бетін кейінгі мезозой мен кайнозойдың шөгінді жыныстары жауып жатыр.
Қазақстан жеріндегі Батыс Сібір плитасы шөгінділерінің калыңдығы 200-1000 м ғана болады. Түран пли- тасының қүрылысы күрделірек. Оның кейбір жерлерінде шөгінді кабаттардың қалыңдығы 4 км-ге жетеді, ал енді бір жерлерде жер бетіне өте жақын орналасқан.
Палеозой қатпарлығының аймақтары. Алғашқы кезде бұл аймақтардың даму дәрежесі ұзак уақыт бір деңгейде болып, теңіз суы басып жатқан. Кейін ұлан-байтак теңіз орнында таулар пайда бола бастады.
Каледон (ерте палеозой) қатпарлы аймағы Сарыарканың солтүстік-батысы мен Тянь-Шаньның солтүстік бөлігін камтыған. Герцин (кейінгі палеозой) қатпарлы аймағына Мүғал- жар, Сарыарканың шығыс бөлігі, Тянь-Шаньның батыс жоталары, Жетісу Алатауы, Сауыр мен Алтай таулары кірген. Бұл аймақтардың негізін құрайтын тау жыныстары көп жерлерде жер бетіне шығып жатады, ал ойыс жерлері мезозой және кайнозойдың борпылдақ жыныстары жауып жатыр.
Кайнозойлық құрылымдар. Кайнозой эрасында, яғни ең жас альпілік қатпарлықта Балқаш-Алакөл және Жайсан тауаралық ірі қазаншұңқырлары қалыптасты. Олар палеоген, неоген және антропогенкезеңдерінде өзен түбінде түзілген шегінді жыныстардың қалың қабатымен толтырылған. Кейін болған тауқүрылулар тау рельефін «жасартуға» үлкен әсерін тигізді. Каледон және герцин қатпарлықтарындағы көтеріліп үгіліп қираған таулар енді қайта көтерілді. Неоген мен антропогенде дүркін-дүркін жүрген күшті жаңатектоникалық қозғалыстар нәтижесінде Алтай, Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань тауларының қайта жаңғыруы басталды. Тау жасалу қозғалыстары қазір де жүріп жатыр.
Қазақстан Еуразия материгінің ауқымды бөлігін құрай отырып, континенттік жер қыртысына тиесілі ең ірі геологиялық-құрылымдық элементтер болып табылатын үш типінің үшеуінің де шет-пұшпақтарын (фрагменттерін) өз ауқымына кіріктіреді. Континенттік қыртыстың бұл ең ірі (бірінші дәрежелі) құрылымдық типтері – «көне платформалар», «қатпарлы белдеулер» және «орогендік белдеулер» деп аталады. Қазақстан аумағындағы көне платформа Шығыс Еуропаның Қазақстандағы шет-пұшпағы – Каспий маңы синеклизасы; эпипалеозойлық Орал–Моңғол қатпарлы белдеуінің шығыс бөлігі түгелімен Қазақстан ауқымында, ал Тянь-Шань және Жонғар Алатаулары мен Алтай таулары әлпілік Әлпі–Гималай жалпыпланеталық жанышталу белдеуі (немесе жерортатеңіздік қатпарлы белдеу) деп аталатын алып қүрылымның шет-пұшпақтары болып табылады.
Шығыс Еуропа көне платформасы Қазақстан ауқымында. Шығыс Еуропа көне платформасы Қазақстан ауқымында Каспий маңы синеклизасы түрінде көрініс береді. Бұл синеклиза республиканың батыс аймағын қамти отырып, шығысында Орал–Мұғалжар жоталарының батыс жапсарымен шектеледі. Синеклиза көне платформаның Орыс тақтасының құрамдас бөлігі ретінде екі құрылымдық қабаттан – кристалдық іргетастан және платформалық тыстан тұрады. Іргетас архей және протерозой таужыныстарынан тұрады, оның беті өте терең орналасқан. Жоғарғы құрылымдық қабат – платформалық тыс – нашар деформацияланған, яғни көлбей көсілген рифей, палеозой, мезозой және кайнозой шөгінділерінен құралған. Синеклизаның орта тұсында платформалық тыс қатқабатының қалыңдығы 23 км-ге жетеді.
Орал- Моңғол қатпарлы белдеуі. Бұл белдеу Қазақстан жерінде өзінің батыс бөлігі түрінде көрініс береді. Белдеудің бұл бөлігі батысында Мұғалжар жоталарынан бастап, республикамыздың шығыс мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықты алып жатыр. Қазақстан жеріндегі Орал–Моңғол қатпарлы белдеуінің қүрамында бірнеше каледондық және герциндіқ қатпарлы жүйелер дараланады.
Каледондық қатпарлы жүйелер – Көкшетау–Солтүстік Тянь-Шань, Шыңғыс-Тарбағатай және Алтай-Саян жүйелерінен тұрады. Бұл жүйелер олардың аралықтарында орналасқан герциндік жүйелер арқылы бір-бірінен бөлінген, тек республиканың солтүстігіндегі шағын бөліктері (Майқайын және Баянаул аймақтары) бір-бірімен тікелей жапсарласады.
Көкшетау – Солтүстік Тянь-Шань каледондық қатпарлы жүйесі республиканың солтүстігінен оңтүстігіне дейін созыла сағаланатын алып жүйе, соның өзінде оның солтүстік және оңтүстік жалғастары Қазақстан аумағынан шығып кетеді (солтүстігінде Ресей Федерациясы жерінде, оңтүстікте Қырғызстан және Қытай жерлеріне). Көкшетау – Солтүстік Тянь- Шань қатпарлы жүйесінің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі оның ауқымында докембрийлік орталық массивтер мен блоктардың біршама жиі ұшырасатындығы (Көкшетау, Ұлытау–Қарсақпай докембрийлік орталық массивтері) немесе олардың палеозой жаралымдарының табанында біршама саяз орналасатындығы.
Шыңғыс–Тарбағатай каледондық қатпарлы жүйесі республиканың шығыс өңірінде солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла сағаланады. Ол герциндік Жоңғар-Балқаш және Зайсан қатпарлы жүйелерінің аралығына орналасқан. Шынғыс–Тарбағатайдың Көкшетау–Солтүстік Тянь- Шань жүйесінен бір айырмашылығы оның ауқымында докембрийлік массивтер мен блоктардың ұшыраспайтындығы.
Қазақстанның қиыр шығысында каледондық Алтай–Саян қатпарлы жүйесінің шағын ғана шет-пұшпағы көрініс береді (Таулы Алтай ауқымында). Холзун-Шу құрылымдық-формациялық белдемі деп аталатын бұл шағын бөлікше қарқынды қатпарланған кембрийдің, ордовиктің және силурдың терригендік таужыныстарынан құралған. Шағын ғана ашылым түрінде докембрийдің рифейіне тиесілі метаморфталған таужыныстар ұшырасады.
Герциндік қатпарлы жүйелер. Мұғалжар (Оралдың оңтүстіктегі жалғасы), Жоңғар–Балқаш және Зайсан жүйелері түрінде ошарылады.
Мұғалжар герциндік қатпарлы жүйесі меридианға бойлас бағытталған созылмалы жүйе. Оның құрылымдық-формациялық белдемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла сағаланатын бірнеше белдемдерден тұрады. Бұл белдемдердің солтүстік жалғасы Ресей Федерациясының жерінде (бұл өңірде ендік бағытта ағатын Жайық өзенінің солтүстігінде) Оңтүстік Орал тауларына ұласады. Мұғалжар жоталарын құрайтын палеозойлық жаралымдар оңтүстікте Туран тақтасының платформалық тыс қабаттарының астына қарай сұғынып кетеді. Созылмалы Мұғалжар герциндік қатпарлы жүйесі батыстан шығысына қарай бір-бірінен терең жарылымдар арқылы оқшауланатын бірнеше құрылымдық-формациялық белдемдерден тұрады, олар: 1) Зілайыр белдемі (нақты Мұғалжар мен Каспий маңы синеклизасының бір-бірінен оқшаулайтын батыстағы шеткі белдем); 2) Сақмар синклинорийі; 3) Ор-Елек антиклинорийі; 4) Жасылтасты синклинорий; 5) Шығыс Мұғалжар антиклинорий; 6) Ырғыз синклинорийі; 7) Орал сырты антиклинорийі. Мұғалжар белдемдерінің палеозойлық кешендері қарқынды қатпарланған, бұл қатпарлық палеозойлық мұхиттық құрылымдардың (Сақмар және Жасылтасты белдемдер) «ашылып-жабылуы» салдарынан туындаған.
Жоңғар - Балқаш герциндік қатпарлы жүйесі карта бетінде ромб тұрқылас пішінді иемденген. Бұл ромбтың өлшемдері 660х700 км, оның нақ орта тұсында Балқаш көлі орналасқан. Бұл күрделі құрамды жүйе ондаған антиклинорийлер мен синклинорийлердің жиынтығынан құралған, мұндағы палеозойлық кешендер карбон-пермнің үстемеленген мульдаларымен көмкерілген. Жүйе палеозойда өткен қарқынды қозғалыстар нәтижесінде қалыптасқан, мұндай қозғалыстар палеозой эрасының аяқ шенінде толастаған.
Зайсан герциндік қатпарлы жүйесі де солтүстік-батыстан оңтүстік- шығысқа қарай созыла сағаланатын бірнеше құрылымдық-формациялық белдемдерден тұрады, ол батысында Шыңғыс–Тарбағатай каледондық қатпарлы жүйемен шектеседі, шығыс шекарасы республиканың мемлекеттік шекарасы өңірінде. Кенді Алтайдың бүкіл құрылымдары осы жүйенің ауқымында.
Эригерциндік тақталар. Эпигерциндік тақталарға Батыс Сібір тақтасының оңтүстік бөлігі және Тұран тақтасы жатады. Батыс Сібір тақтасының Қазақстан жеріндегі оңтүстік бөлігін Ертіс маңы синеклизасы деп атайды, ол батысында Солтүстік Торғай ойысымымен ұштасып кетеді. Солтүстік Торғай ойысымы Тұран тақтасымен ұштасатын Оңтүстік Торғай ойысымынан Қостанай ер тұрқылас құрылымы арқылы оқшауланады; ендік бағытта созылған бұл ер тұрқылас құрылым Арал теңізінің солтүстік шығысында орналасқан, ол Торғай ойысымын қақ бөледі. Ертіс маңы синеклизасы өңірінде платформалық тыс рөлін МZ-KZ шөгінділері құраса, Солтүстік Торғай аймағында осындай тыс қимасына жоғарғы палеозой түзілімдері де кіреді. Платформалық тыс астындағы кристалдық іргетас рөлін Қазақ қалқанына тиесілі палеозойлық қатпарлы жаралымдар атқарады.
Тұран тақтасы Каспий теңізінің шығыс жағалауларынан бастап Арал теңізі алабына дейін созылған ауқымды аймақ, оның біршама ірі бөлігі Өзбекстан және Түрікменстан жерлерінде. Бұл құрылым ауқымын қазақ жерінде Үстірт үстірті, Маңғыстау өңірі, Арал маңы, Сырдарья өзендерінің төменгі ағыстары кіреді. Тұран тақтасы солтүстігінде және шығысында Оңтүстік Торғай ойысымымен және Шу-Сарысу ойысымен ұштасады. Алайда Тұран тақтасындағы платформалық тыс рөлін MZ-KZ түзілімдері атқарса, Оңтүстік Торғай мен Шу-Сарысу ойысында платформалық тыс қимасына MZ-KZ түзілімдерімен қатар жоғарғы палеозой шөгінділері де кіреді.
Бекіту сұрақтары:
- Неогеннің аяғында қандай тау түзілісі болды?
- Мұғалжар, Сарыарқаның шығыс бөлігі, Тянь-Шаньның батыс жоталары, Жоңғар Алатауы, Сауыр-Тарбағатай, Алтай тауы қандай тектоникалық құрылымға кіреді?
- Қазақстанның жас палеозой платформасының ерекшелігі неде?
- Қазақстан территориясының қай жеріне ежелгі кембрийге дейінгі платформа енеді?
- Палеозойдың алғашқы жартысында қай тау түзілісі болды?
- Қазақстан территориясы палеозойға дейін ...
- Девонның басында теңіз Қазақстанның қандай жерлерінде ғана қалған?
- Қазақстандағы триас кезіндегі ыстық климат ...
- Қазақстанда төменгі төрттік дәуірде табиғат ...
- Тянь-Шань сырттары қашан түзілген?
Әдебиеттер: 1. 5-11 бет, 20-21 бет.