Дәріс №1 Тақырыбы: Кіріспе. Қазақстан Республикасының географиялық орны
Мақсаты: Физикалық географияның қолданбалы міндеттерді шешудегі табиғатты қорғаудағы рөлі туралы айтып, материк ішіндегі географиялық орнының оның осы заманғы физикалық географиялық жағдайындағы маңызын түсіндіру.
Дәріс мазмұны:
1. Қазақстан физикалық географиясы курсының міндеттері мен мазмұны.
2. Қазақстан Республикасының географиялық орны мен шекаралары.
3. Саяси әкімшілік бөлінуі.
1. Қазақстан физикалық географиясы курсының міндеттері мен мазмұны. Курстың мақсаты: Қазакстанның физикалық географиясы– біздің республиканың табиғат кешенінің зандылықтарын оқытатын негізгі региональдық курс. Қазіргі заманғы физикалық-географиялық жағдайларын оқу маңызды қолданбалы зерттеулер жүргізудің басты негізі.
Қазақстан Республикасы физикалық географиясы-географиялық ғалымдардың ішіндегі ең негізгілерінің бірі бола отырып, географиялық білім беру жүйесінде басты роль атқарады. Республика физикалық географиясының халық шаруашылығы міңдеттерін шешудегі, табиғатты қорғауды ұйымдастырудағы, табиғат ресурстарын орынды пайдалану және қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз етудегі ролі. Қазақстанның табиғи ортасының жайы, оның физика-географиялық ерекшелігі туралы білім. Қазақстан территориясының физика-географиялық зерттелуінің жалпы бағасы. Физикалық географияның локальды және регионалды мәселері.
Курстың міндеті: Білімділікті дамыту:География ғылымдары жүйесінде Қазақстанның физикалық географиясының алатын орнымен студенттерді таныстыру.
Табиғатының зерттелу тарихы. Табиғатының ерекшелігі, физикалық-географиялық аймақтары мен облыстары, физико-географиялық аудандастырудың принциптері, қорғалатын территориялары, экологиялық проблемалары, пән аралық байланыстарды қамту, сонымен бірге студенттерді табиғи ортада айналасын бағдарлауға, жергілікті жердің табиғат жағдайларына сипаттама беруге дағдыландыру.
2. Қазақстан Республикасының географиялық орны мен шекаралары. Қазақстан республикасы Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасқан. Республика жерінің ауданы — 2724,9 мың км². Республика қоңыржай белдеуінің орта және оңтүстік ендігін алып жатыр және шамамен 55°26’-тан 40°56’ с.е., 45°27’-тан 87°18’ ш.б. бойынша созылып жатыр. Жер шарының халық мекендеген кұрлық бөлігінің 2%-ы және Еуразия ауданының 5%-ы елдің үлесіне тиеді. Аумағының өлшемі жөнінен ол әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді және ішкі құрлықтық мемлекеттердің ең ірісі болып саналады. Жерінің көлемі жөнінен дүние жүзінде 9-орын алады. Жалпы аумағы бүкіл жер шары көлемінің 2%-ын, Азияның 6,1 %-ын құрайды. Еуразия құрлығында Ресей, Үндістан, Қытайдан кейін төртінші орында, ал ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында тұр. Территориясы бойынша Қазақстан Франциядан бес есе үлкен және шамамен ел аумағына Франция, Испания, Швеция, Германия, Финляндия, Италия және Ұлыбритания сыйып кетеді.
Территорияның 19,65%-ы Еуропаға кіреді (Батыс Қазақстан – Ембі мен Мұғалжар жотасынан батысқа қарай). Қазақстанның географиялық ортасы анықталған, ол 48°11’ с.е. пен 66°22’ (Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 100 км-де орналасқан Ұлытау жотасы аумағы). Ел аумағы батыстағы Еділ өзенінің төменгі ағысынан шығыстағы Алтайға дейін 3000 км-ге және Батыс-Сібір жазығынан оңтүстіктегі Тянь-Шань тауларына дейін 1650 км-ге созылып жатыр. Ол ендік бойымен қарағанда Шығыс Европа жазығының орталық бөлігі мен Ютландия түбегі, Ұлыбритания ендігіне, ал Республиканың оңтүстігі Кавказ сырты мен Жерорта теңізі ендіктеріне сәйкес келеді. Атлант мұхитымен оның теңіздерінен 2000-3000 км, Солтүстік Мұзды мұхиттан 1800-2000 км, Тынық мұхиттан 4000-5000 км қашықтықта жатыр. Ең биік нүктесі Хан Тәңірі (6995 км) және ең төменгі нүктесі – Қарақия ойысы (-132 км).
Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 13394 км, теңізбен (Каспий) 2000 км-ден астам. Қазақстан батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте 7591 км Ресеймен шектеседі. Республиканың Алтайдан Тянь-Шаньға (Хантәңірі массивіне) дейінгі 1782 км-ге созылып жатқан шығыс шекарасы Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараға сай келеді. Ал оңтүстігінде тәуелсіз мемлекеттер: Түрікменстанмен - 426 км, Өзбекстанмен - 2354 км және Қырғызстанмен - 1241 км шектеседі. Республиканың шекарасы батысында - Каспий маңы ойпаты мен Жалпы Сырт қыратының біраз жерін, солтүстігінде Батыс Сібір жазығының оңтүстігін; оңтүстігінде Тұран ойпатын, ал шығысы мен оңтүстік-шығысында Алтайдың батыс бөлігінің, Сауыр, Тарбағатай жоталарының, Жетісу (Жоңғар) Алатауының негізгі бөлігін және Тянь-Шаньның солтүстік жоталарын басып өтеді.
Республиканың географиялық орны оның табиғат жағдайларын анықтайды. Қазақстан қоңыржай белдеудің орта және оңтүстік ендіктерінде орналасқан. Дәл сол ендіктердегі Шығыс Еуропа қоңыржай континенттік климатымен, ал Батыс Еуропа субтропиктік климатымен ерекшеленсе, Қазақстан шұғыл континенттік климатымен көзге түседі. Қазақстан аумағы табиғатының бір шетінің екінші шетінен айырмашылығы үлкен.
Мысалы, оңтүстіктегі тау етектерінде алма мен өрік гүл атқан кезде, республиканың солтүстігінде әлі суық, қарлы боран соғып тұрады. Қазақстан жерінде қатаң Сібір мен қапырық Орта Азия тоғысып жатады. Географиялық орнына қарай республика жерінде орманды дала, дала, шөлейт және шөл зоналары қалыптасқан. Республиканың батыс шеті (45°27' ш.б.) Эльтон және Басқұншақкөлдері маңына, ал шығыс нүктесі (87°18' ш.б.) Бұқтырма өзенінің бастауына сай келеді. Ендік бойымен батыстан шығысқа қарай, материк ішіне тереңдеген сайын, климаттың континенттігі арта түседі. Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығыс таулы өңірлерінде ландшафттардың күрделене түсетін алуан түрлі биіктік зоналары байқалады. Қазақстанның географиялық орнына байланысты барлық өңірлерінде жылдың төрт мезгілінің ауысуы айқын байқалады.
Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздергешыға алады. Жердің көп бөлігі жазық, үстіртті болып келеді. Ол алуан түрлі шаруашылық жұмыстарын дамытуға мүмкіндік береді.
3. Саяси әкімшілік бөлінуі. Республика 2 сағаттық белдеуде орналасқан (GMT +5, +6). Республика территориясы 14 облысқа бөлінеді (Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды) және орталыққа бағынған 3қала (Астана, Алматы, Байқоңыр).
Бекіту сұрақтары:
1. Қазақстан табиғат жағдайының қалыптасу заңдылығын және ерекшелігін үйрету бұл пәннің қандай міндеті?
2. Қазақстан территориясы жер шарындағы құрлықтың қанша пайызын алып жатыр?
3. Азияның қанша пайызын Қазақстан алып жатыр?
4. Астана қаласы қай облысқа жатады?
5. Көкшетау қаласы қай облыстың орталығы?
6. ҚР қай материкте орналасқан?
7. 1200 шақырымға жуық Қазақстан республикасының қай бөлігіндегі шекараның ұзындығы?
8. «Жоңғар қақпасы» қандай қазаншұңқырды кесіп өтеді?
9. Физикалық географияның зерттеу объектісі:
10. Қазақстан территориясы қанша сағатты белдеуде орналасқан?
11. ҚР қандай климаттық белдеуде орналасқан?
Әдебиеттер:
1. В. М. Чупахин Физическая география Казахстана, А., 1968
2. Н. А. Гвоздецкий, В. А. Николаев, Казахстан. М., 1971
3. Общая физико-географическая характеристика. Казахстан, М – Л., 1950
4. Е.Н.Вилесов, А.А.Науменко, Л.К.Веселова, Б.Ж.Аубекеров Физическая география Казахстана , Алматы: «Қазақ университеті», 2009