Этнология: ғылымның қалыптасуы, пәні, әдістері

Мақсаты мен міндеттері:

  1. Этнология ғылымының қалыптасуына тоқталу.
  2. Этнология ғылымының мақсат міндеттерін үйрету.

Тақырып бойынша негізгі түсініктер:

Этнология (грек. ethos – тайпа, халық және logos – ғылым, ілім, сөз) – қоғамдық ғылымдардың тайпалар мен халықтарды зерттейтін саласы. Этнология қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктері мен бәріне бірдей ортақ жайларды, тарихи және мәдени қарым-қатынастарын, күнделікті тұрмысын, кәсібін, қоғамдық және отбасылық қарым-қатынастарын, рухани мәдениетін жан-жақты ғыл. негізде зерттейді (қ. Тарихи этнография). Өткен өмір мағлұматтарын соңғы деректермен салыстыра зерттеп, этнолог халық тұрмысы мен мәдениетінің тарихи даму үрдісін анықтайды. Халық өмірінің өткен кезеңдерінің ең көне дәуірі палеоэтнология деп аталады. Мыс., халықтардың шығу тегін зерттеуде Этнология үнемі археол. деректерге сүйенсе, археология өзінің зерттеу жұмыстарында археол. ескерткіштердің қандай этн. топтарға жататындығын анықтау барысында әр дайым этнол. деректерді кеңінен пайдаланады. Мәдениет және өнер тарихын, халықтың көркем-өнері мен ауыз әдебиетін зерттеу және халықтың дәстүрлі шаруашылығы мен кәсібін зерттеу Этнологияны толықтыра түседі. Халықтардың тілдеріндегі жақындықты зерттеу лингвистика мен Этнология мүдделерін жақындата түседі. Халықтар мен табиғи ортаның әсерін, қоныстану үлгілерін және этн. картографияны зерттеу ісі Этнологияны географиямен және дүние жүзі халықтарының санын есептеуге арналған демография пәнімен байланыстырады. Сондай-ақ халықтардың шығу тегін және алғашқы қауымдық құрылыс тарихын зерттеуде антропология ғылымы Этнологиямен ұштасып, этн. антропология саласын қалыптастырды. Этнология жоғарыда көрсетілген ғылым салаларымен тығыз байланыса отырып, ғылым үшін де, күнделікті тәжірибе үшін де аса маңызды көптеген сауалдарды шешеді. Мыс., жеке елдер мен бүкіл дүние жүзі халықтарының этн. құрамын және халықтың шығу тегі мен этн. тарихын, артта қалған халықтарда сақталған көне дәстүрлер қалдықтарының негізінде алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық өмір мен мәдениеттің қандай болғандығына ғыл. талдау жасайды.