Қытай тілінің негізі: Тіл туралы жалпы түсінік
1.Фонетика- тіл білімінің дыбыстық жағын зерттейтін сала. Фонетика дыбыстардың жасалу, айтылу, естілу және буын, екпін, тон(интонация) мәселелерін қарастырады.
2. Әліпби немесе алфавит- тіл білімінің құрылымын жазу үшін пайдаланылатын белгілі бір тәртіп бойынша орналасқан таңбалар жиынтығы. Әріптердің рет тәртібін де білдіреді. Түркі халықтарының әлемге әйгілі Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінің әліпбиіне соғды жазуы негіз болған деген де пікір бар. Ал орыс шығыстанушысы Николай Аристов түркі әліпбиін ешбір бөгде әліпбидің ықпалынсыз, түркі таңбалары негізінде туған төл жазу деп санайды. Араб әліпбиі мұсылман дінінің, ислам мәдениетінің кеңінен таралуына байланысты көптеген түркі халықтарының жазу-сызуына негіз болды. Қазақ жазба мұраларының көпшілігі араб әліпбиі арқылы біздің заманымызға жетті. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуына алғаш реформа жасады. Ол қазақ жазуы тарихында «жаңа емле» (төте жазу) деп аталып, халықты сауаттандыруда ірі бетбұрыс жасады. Әліпби 1913 жылдан бастап мұсылман медреселерінде, 1929 жылға дейін кеңестік мектептерде қолданылды. 20 ғасырдың 20-жылдары аяғында әліпбиді ауыстыру жайлы түркі, қазақ зиялылары арасында айтыс жүріп, Байтұрсынов реформалаған әліпби қолданыстан шығарылды. Шығыс Түркістандағы (ҚХР) – Шыңжаң автономиялық ауданындағы қазақтар Байтұрсынов әліпбиін қазіргі кезге дейін қолданып келеді. 1929 жылы КСРО құрамындағы түркі халықтары латын әліпбиіне көшірілді. 1940 жылы Кеңес Одағы халықтары біртекті әліпбиді қолдануы қажет деген саясатпен орыс әліпбиі қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып (қ-к, ғ-г, ө-о, ң-н,) қабылданды. Бұл әліпбидің қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін толық таңбалай алмауына байланысты кейінгі жылдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі көтерілуде.
Қытай тілі әліпбиі туралы. Қытай жазуы - әлемдегі тарихы аса ұзақ жазулардың бірі.. Қытай жазуы иероглифтік жазудың бүгінгі күндегі ең дамығаны болып есептелінеді. Бір иероглиф белгілі мағынаны білдіріп, бір фонетикалық заңдылықтар бойынша бір фонема болып есептеледі. Сондай ақ қытай иероглифтері жеке дыбысты немесе фонеманы білдіре алмайтындықтан тілдегі бүкіл сөздік қорға жеке-жеке таңба жасап шығуға тура келгені мәлім. Осылайша қытай тілі сөздерінің мағынасы бейнелейтін таңбалар неше мыңдаған түрден асып жығылады. Мысалы, қазіргі кей бір сөздіктерде 50 мыңнан астам иероглиф қамтылып отырғаны айтпасақ та түсінікті. Қазіргі қолданылып отырған қытай жазуы көптеген өзгерістер арқылы барынша қарапайымдасып, барынша ұғынықты болды.